10 тамыз қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 176 жылдығы өтуде

10 тамыз  қазақтың ұлы  ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 176 жылдығы  өтуде.

Абай Құнанбайұлы(1845-1904) — қазақтың ұстазы, ақыны, ағартушысы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер[1], либералды көзқарасын исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.[2]

Абай Шығыс пен Батыс мәдениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды

Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған...») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері — «Йузи-рәушән», екіншісі — «Физули, Шәмси, Сәйхали». «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870 — 80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы — «Қансонарда» 1882 ж. жазылған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі — өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі — ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы; үшіншісі — өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері.