18 наурыз - «Игі істер күні»

18 наурыз - «Игі істер күні». Бұл күні әр адам мүмкіндігі келетін бір жақсы іс жасайды. Волонтерлердің қатысуымен түрлі іс-шара өтеді. Жаппай халықтың қатысуымен тазалықтар өткізіледі.
Наурыз мейрамы онкүндігінде аз қамтылған отбасыларды қолдауға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға, жоқ-жітімге,жарлы-жақыбайға қол ұшын беруге арналады. Дәулеті мүмкіншілік беретін адамдар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға «Жүрек жылуы», «Наурыз дастархан» ретінде азық-түлік үйлестіреді.
Әрбір отбасы әруақтар құрметіне садақа беріп,дұға оқып, еске алады. Үйлерінде жеті шелпек пісіріп, таратады. Сонымен қатар, жомарт жүректі азаматтар қоғамдық маңызы бар объектілер салуға, жөндеуге атсалысады. Осы күні жергілікті әкімдіктер жылу жинау секілді және басқа да түрлі қайырымдылық акцияларын ұйымдастырады. Сонымен бірге қарияларға арналған «Бел көтерер» ғұрыптық тағам рәсімі жасалуға тиіс.
Қазақ халқында қайырымдылық пен ұйымшылдықты таныту мақсатында көпшіліктің көмегін пайдаланып шөп шабу,егін жинау науқандарына, сонымен қатар, үй салу секілді ауыр жұмыста бірлесе көмек қолын созу дәстүрі- асарды қайта жаңғырту өте маңызды іс.
Сонымен бірге 10 жылдық, 20 жылдық, 30 жылдық секілді мектеп түлектерінің бас қосу кездесуінің орнына,сол мектептің немесе елдімекенінің гүлденуі үшін үлес қосуы-қайырымды әрі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық іс. Мысалы, мектеп бақшасын көркейту, туған елді мекеніне саябақ, мешіт, балаларға арналған ойын ауласын жасау немесе спорттық үйірмелер, мектепке және мәдениет үйіне қажетті құрал - жабдықтар алу және т.б.