14 наурыз-«Көрісу күні»

14 наурыз-«Көрісу күні», Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын», «Ақ оң болсын», «Жаңа жыл құтты болсын!» деген секілді сөздер арқылы жаңа жылдың келуімен құттықтап, арқа-жарқа болады. Бір-бірімен араздасқан адамдар өзара кешірім сұрайтын, арасы алыстаған ағайын жақындасатын күн. Алыста жүрген жандар қара шаңыраққа соғып, ата-анасына сәлем беріп, ағайын-туыстың үйіне бас сұғады. Алыстағылар телефонмен хабарласып, құтпарақпен құттықтасады. Ерлер әйелдерге бәйшешек гүлін сыйлайды.
Қазақ Наурызда «Жуанның жіңішкеріп, жіңішке үзілер» шағы деп күткен. Қыстан қалған соғымның сыбағасын асып, ағайын-туысты қонақ қылып, хал сұрасып көріскен. Әр үйдің келіндері үлкендерге сәлем салып,батасын алып, Наурызға арнап дастархан жайған. Ақ мол болсын, жыл тоқшылықпен өтсін деп жеті түрлі дәмнен Наурыз көже пісіріп, құрт, айран, қымыз секілді ақ тағамдарды көптеп қойған.
Наурыз мейрамын тойлау аясында әр ұйымда, оқу орындарында Көрісу күні- жұмыс басталардың алдында келушілерді қазақтың ұлттық аспаптарымен ән шырқап, ұлттық тағамдармен қарсы алу өткізіледі.
Радио мен телеарналарда шуақ пен күн сәулесі, күн мен гүлдер туралы әндер мен термелер шырқалады. Көшелерде бұл күні бәйшешек гүлінің бейнесі безендіріледі.
Сонымен бірге бұл күндері адамдар толығымен ұлттық нақыштағы киімдер киюі қажет. Ескі жылмен қоштасу, жаңа жылмен қауышу - сахналық қойылымдар қойылады.

  • App_Image_2021-03-14_at_09.53.37_1_
  • atsApp_Image_2021-03-14_at_09.53.36
  • atsApp_Image_2021-03-14_at_09.53.37
  • atsApp_Image_2021-03-14_at_09.59.18