9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күні

9 Мамыр – Ұлы Жеңіс күні деп тойласақ та, оның салмағының ауыр болғанын бүгінгі ұрпақ ешқашан да ұмытпауы тиіс.

Туған елдің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін жанын қиған боздақтарымызды мәңгі есте сақтаймыз!
Отан үшін отқа түсіп, қан майданнан аман оралған аталарымыздың алдында бас иеміз!
Құрметті Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен тыл еңбеккерлері! Ауыр күндердегі адал еңбектеріңіз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін бас иіп алғыс білдіреміз!

Адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс аяқталғанына 75 жыл өтіпті. Зарықтырып жеткен Жеңіс күнінің қадірі бәріміз үшін тым қымбат. Сұрапыл соғыс адамзаттың жүрегіне өшпес жара салды. Ауылда қалған кемпір - шал, бала - шаға зуылдаған оқ пен лапылдаған от - жалынның арасында жүрген бауырына, әкесіне, ағасына сеп болсын деп, бар күш қайратын жұмсады. Тылдағы әрбір күн соғысқа тең еді. Ардагер көрген зұлматты сен көрген жоқсың замандас, сол үшін оны құрметте!

Бүгінгі мамыражай тыныш өмір аталарымыз қалыптастырған берік бірлік нәтижесінде келді. Әуеде ұшқыш, жерде танкист, теңізде – теңізші, окопта әскер, блиндажда байланысшы және тылда еңбеккер – бәрі де Ұлы Жеңіс үшін қараниет арам пиғылды фашист оғына өз кеудесін тосты. «Отан» атты ыстық ұғым, тәтті сөз қарсы келген дұшпанға қаймықпай қарауға жігер берді.
Ер жігіттің құл болмай, ару қыздың күң атанбай, халықтың бірлікте өмір сүруі нақ солардың арқасында!

Бүгінгі мерекенің еліміздің өмірінде алатын орны өзгеше. Осыдан 75 жыл бұрын бүкіл әлемге қайғы мен қуаныш жасын қоса жұтқызған ерекше күн еді бұл. Ізгі ниетпен адамзат баласы мерекелейтін осы күннің тууына еліміздің айтулы үлес қосқанын біз әрқашанда мақтан тұтамыз.
Ұлы Жеңісті жақындатуға абзал арыстандарымыздың майдан даласында, отандастарымыздың тылда қосқан еңбегі өлшеусіз. Ағалардың ардақты ісін бүгінгі күні кейінгі ұрпақ лайықты табыстармен жалғастырып келеді.

 

Уақыт өткен сайын кешегі күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыстың дүрбелең оқиғалары да арасын аулақ салып, алыстап барады. Бірақ қаншалықты алыстағанмен ол көңілден кетіп, жүректерден өшпек емес. Өйткені ол соғыс қаншама ұрпақты қайғы - қасіретке душар етіп, өмірін өксітіп кетті. Сол соғысты майданның алдыңғы шебінде жүріп басынан өткергендер де, солардың тілеуін тілеп, тылдағы бар ауыртпалықты иығымен көтерген ардагерлер де, соғыста ата - анасынан айырылып, жетімдік тауқыметін тартып өскендер де бүгінде арамызда жүр.
Сондықтан да жыл сайын мамыр айының 9 жұлдызында сол сұрапыл соғыстағы Жеңіс күні айрықша атап өтіледі. Және ол жалпыға бірдей халықтық мереке болғанымен, бұл күні әсіресе, кешегі соғыста Жеңіс үшін қолдарына қару алып, майданның алдыңғы шебінде қанқұйлы жаумен шайқасқа түскен соғыс ардагерлеріне көрсетілер құрмет айрықша. Осы бейбіт өмірді, әр сәтімізді қадірлейік, бағалайық бауырлар!!! Аталарымыз көрген соғысты ұрпағымыз көрмесін!!!